Бүгін аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапары барысында Шиелі ауданының әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралап, елдімекендердің тыныс-тіршілігі және әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, Сұлутөбе ауылдық округіндегі «Байқоңыр Солар» ЖШС қуаты 50мВт күн сәулесі электр станциясының іргетасын қалау және Жөлек, Н. Бекежанов елдімекендеріндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған дәрігерлік-амбулаториялық емхананың ашылу рәсіміне қатысты.